350 Қабылдау
Оқу мәдениетін қалыптастыру: бастауыш сынып оқушылары бір жылда 2335 кітап оқыды
24 Июнь 2026

Farabi International School оқушылары үшін кітап оқу — білім алудың маңызды бөлігі ғана емес, күнделікті жақсы әдетке айналып келеді. Оқу жылы барысында бастауыш сынып оқушылары жалпы 2335 кітап оқып, кітапқа деген қызығушылықтарын жоғары деңгейде көрсетті.

Бұл нәтиже мектепте оқу сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін көрсетеді. Оқу сауаттылығы — баланың мәтінді түсінуі, негізгі ойды анықтауы, ақпаратты талдауы және өз ойын еркін жеткізе білуі. Бұл дағды барлық пәндерде жетістікке жетуге көмектеседі және оқушының академиялық дамуына тікелей әсер етеді.

Оқу жылының қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен сынып — 4 “В” сыныбы. Бұл сынып оқушылары бір жыл ішінде 444 кітап оқып, бастауыш сыныптар арасында үздік көрсеткішке қол жеткізді. Олардың бұл жетістігі — тұрақты еңбектің, қызығушылықтың және кітап оқуға деген жауапты көзқарастың нәтижесі.

Мектебімізде оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында DEAR time уақыты да ұйымдастырылады. DEAR — “Drop Everything And Read”, яғни “барлық істі тоқтатып, кітап оқы” деген мағынаны білдіреді. Бұл уақытта оқушылар тыныш ортада өздері таңдаған кітаптарын оқып, назарын мәтінге шоғырландыруға үйренеді.

DEAR time оқушыларға кітап оқуды міндет емес, қызықты әрі пайдалы әдет ретінде қабылдауға көмектеседі. Мұндай тұрақты оқу сәттері балалардың сөздік қорын кеңейтеді, қиялын дамытады, ойлау қабілетін жетілдіреді және өз ойын сауатты жеткізуге ықпал етеді.

Бір жылда 2335 кітап оқылуы — бастауыш сынып оқушыларының үлкен жетістігі. Бұл көрсеткіш оқушылардың ізденіске, білімге және жаңа әлемдерді тануға деген қызығушылығының айқын дәлелі.

Біз оқушыларымыздың кітапқа деген сүйіспеншілігі арта беретініне сенеміз және 4 “В” сыныбын үздік нәтижесімен құттықтаймыз!